Қазір ересектерден бөлек, мектеп оқушылары да жүрек-қан тамырлар ауруы диагнозымен ауруханаға көп түседі. Қырық жасқа толмаған науқастарда инфаркт пен инсульт жиі кездеседі. Өңірде аталмыш дерттің алдын-алу үшін бірқатар шара қолға алынған. Мәселен, аймақта жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарды емдеу және оңалтудың тиімді схемасы құрылды. Бұл бастама инфаркт пен инсульттан кейін, сондай-ақ операциядан кейінгі мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 17 миллионнан астам адам инфаркт пен инсульттан көз жұмады. Дерттің негізгі себебі – дұрыс тамақтанбау. Бұдан бөлек, салауатты өмір салтын ұстанбай, зиянды әдеттерден тыйылмау да жүрек ұстамасына алып келеді. Алдын алып, себебіне үңілмесе, қоғам үшін қауіпті. Ақ халаттылар дабылына көпшілік құлақ асуы тиіс.
Адам ағзасы дертке шалдыққанын өзі «байқата» бастайды. Сол кезде бейжайлық танытпау керек. Дәрігерлердің айтуынша, қан қысымына мән берген жөн. Оны тұрақты бақылап отырмаса, қауіптің алдын-алу қиын. Қазір өңірде инсульт пен инфаркт алған науқастарды оңалту жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Әр науқастың сауығып кетуі үшін бүкіл топтық ұжым белсенді жұмыс атқарады. Дәл осы кешенді тәсіл жақсы нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі.
Ұлт саулығын қамтамасыз етудің басты шарты – дұрыс тамақтану. Тағам құрамының құндылығы басты назарда болуы шарт, дейді ақ халаттылар. Салауатты өмір салтын ұстану денсаулықты сақтауға, жүрек қан-тамыр ауруларынан сақтануға ықпал етеді.