Сауда базарлары азаматтар үшін күнкөріс көзі екені рас. Бірақ көбі тиісті талаптарға сай емес. Сауда-саттық үшін қолайсыз, саудагерлер үшін жайсыз. Салдарынан тауар мен көрсетілетін қызмет сапасы ақсап жатады. Елімізде Ұлттық даму жоспары аясында сауда орындарын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. 2029 жылға дейін заманауи форматтағы сауда үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Биыл республика бойынша 100 базар жаңартылады. Оның үшеуі шығыста.

Аймақтағы жаңғырту жұмыстарымен Сауда комитетінің төраға орынбасары Ернұр Жәутікбаев арнайы танысты. Ол облыс орталығындағы сауда нысандарын аралап, құрылыс қарқыны мен жобалардың жүзеге асырылуын бағалады. Ведомство өкілінің айтуынша, сауда инфрақұрылымын жаңғырту – шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Қазірдің өзінде ел бойынша 400-ден астам кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларын алып үлгерген.

Ернұр Жәутікбаев, ҚР сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары:

Бүгінгі форматқа сауда базарларын жеткізу. Халыққа ыңғайлы мүмкіншілік жасау, автотұрақ болатын, қолайлы жағдайда керек затын сатып алу. Сауда кәсіпкерлері қыста суықта ауыратыны бар т.б. ғимараттың ішінде таза киімдерді лақтырып тастау деген болмайды, бәрі іште болады.

Қазір мемлекеттік қолдау аясында ішкі сауда саласында шамамен 7 млрд теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылуда. Жол картасы аясында биыл Өскемендегі «Заря», «Заречный» және «Орталық» базарларындағы жаңарту жұмыстары аяқталады. Оның ішінде «Заря» мен «Заречный» базары Сауда және интеграция министрлігінен мемлекеттік қолдау алды.

Тимур Мұзапаров, «Заречный» базарының директоры:

«Заречный» базарында Жол картасы аясында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір біз тұрған орында аумағы 3000 шаршы метр болатын сауда павильоны салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының 80–90 пайызы орындалды. Бір-екі айдың ішінде толық аяқталып, павильон саудаға беріледі деген жоспар бар. 

Жаңғыртылған сауда орындары өрт қауіпсіздігі, санитарлық талаптарға сай болуы тиіс. Сондай-ақ төлем карталары арқылы салықтық ашықтық қамтамасыз етіліп, келушілер үшін ыңғайлы автотұрақ қарастырылады.

Қымбат Иманғали