Пушкин атындағы облыстық кітапханада жерлес прозашы Гүлжан Қазымованың «Тұмандағы оттар» кітабының тұсаукесері өтті. Кітапқа автордың бірнеше әңгімесі мен Оскар Уайльдтан аударған «Бақытты ханзада» аудармасы мен өзінің айналасындағы жерлестері туралы новеллалары енген.
Гүлжан Ахметбекқызы – ұлт тағдыры мен тіл тағдырының жанашыры, белсенді азамат, нағыз шығармашылық адамы. Өлкеміздегі проза жанрында қалам тартып жүрген қаламгерлердің жалғасы ретінде өз оқырмандарының сүйікті жазушысына айналған. Әсіресе, әйел жанының жұмбақ қалтарыстары мен бұлтарыстарын суреттеуде, нәзік жаратылыстың сүйініші мен күйінішін жайып салатын психологиялық иірімдерінде – жазушының қаламгерлік батылдығы көрінеді.
Шараға қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен әдебиеттанушы ғалымдар қатысты.
Алыстан-жақыннан келген құрметті қонақтар мен жерлестері де кітап туралы өз ыстық лебіздерін білдіріп, құттықтап қайтты.
Мерекелік кешке жиналған көпшілік кітаптың оқырман қауымның көңілінен шығатынына сенім білдірді.