Өз ісінің маманы, сауатты, іскер әйелдер қоғамда жоғары беделге ие. Ерлермен иық теңестіре абыройлы еңбек етіп, өздерінің нәзік, табиғи қалыптарын сақтап қалған бұрымдылар жетерлік. Солардың бірі – Алтынай Оралбаева. Ол – қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеп, жоғары жетістерге қол жеткізген кәсіби маман.
Алтынай Оралбаева «Транстелеком» АҚ «Өскементранстелеком» филиалында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жетекші инженер лауазымында. Ол еңбек жолын 1994 жылы Үлкеннарын ауданында бастаған. Осы уақыт аралығында білім саласы мен түрлі зауыттарда қызмет атқарған. Жалпы еңбек өтілі 41 жылды құрайды. Ал байланыс саласында жүргеніне 30 жыл болған. Өз саласының майталманы білім мен тәжірибенің арқасында жетістіктерге жеткенін айтады. Ғұмырын осы салаға арнағанына еш өкінбейді.
Өзі жұмыс істейтін саланың дамуына сүбелі үлес қосқан Алтынай Оралбаева ерен еңбегі еленіп, басшылық тарапынан көптеген алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын иеленген.
Ісіне берік, жұмысына тиянақты маманға әріптестері ерекше құрметпен қарайды. Ұжымға сыйлы, білікті маман бәрінің тілін табады, дейді әріптестері.
Алтынай Оралбаева келесі жылы зейнетке шығады. Дегенмен, осы салаға келетін жас мамандарға үйретерім көп, дейді. Оның айтуынша, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін сақтау – баршаға ортақ міндет.