Ана – ең жоғары құрмет, ал көпбалалы ана – қоғамның ең сыйлы мүшесі. Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілік қана емес, күшті де қажет етеді. Мемлекет көпбалалы аналарға қолдау көрсетуде. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында төрт және одан да көп баласы бар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағына ие болған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар бір реттік төлем алды. Осыған орай, облыстық бюджеттен 174 млн теңге бөлінген.
Жалпы облыс бойынша көпбалалы аналардың саны 11 887 адам. Мемлекет тарапынан мұндай отбасыларға барынша қолдау көрсету шаралары жеткілікті, дейді мамандар.
Өскеменде төрт мыңнан астам көпбалалы ана мерекелік көмек алған, бұл туралы Өскемен қаласының жұмыспен қамту бөлімінің әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі Анар Әбілқасымова айтып берді.
Сондай-ақ, мамандар азаматтарды мереке қарсаңында алаяқтардың мессенджерлердегі тарататын түрлі күмәнді ақпараттарына сенбеуге және ешбір жағдайда өз мәліметтерін бейтаныс адамдармен бөліспеуге кеңес береді. Төлемдер, жәрдемақылар мен жеңілдіктерге қатысты барлық ақпарат облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланған.