Зайсан ауданында Аяулым Бақытқызы мен Нағима Тоқтарбекқызы ерекше істі қолға алған. Қос ару Сауыр тауының етегінде бөдене шаруашылығын дөңгелетіп отыр.Кәсіпкер қыздардың бұл бастаманы қолға алғанына көп уақыт болмаса да, өнімге деген сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта шаруашылықта мың жарым бас бөдене бар.
Кәсіпкерлер қазір 1500 бас бөдене өсіріп отыр. Оның 1000 басы жұмыртқа бағытында. Қалған 500-і ет бағытында. Қазір өнімге сұраныс жоғары. Тұрақты тұтынушыларда бар, дейді Нағима Тоқтарбекқызы.
Соңғы кезде бөдененің еті, жұмыртқасы адам ағзасына аса пайдалы, оның жұмыртқасын шикідей ішудің түрлі сырқаттарға, атап айтқанда, ас¬қазан, қант диабеті, бауыр, бүйрек, ішек, хандроз, мидың есте сақтау қабі¬¬летіне аса пайдалы екені жайлы жиі айтылып жүр.
Биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы. Бұл шешім ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қытайға жасаған ресми іссапары барысында екіжақты келісімнің арқасында қабылданған болатын. Туризм саласындағы ынтымақ¬тастықтың келешегі зор. Сондықтан бұл бағыттағы мол әлеуетті барынша қолдану керектігін түсінген зайсандық кәсіпкерлердің кезекті легі ауданда тың бастаманы қолға алды. Ауданда алғаш рет турагенттік ашқан Амина Кадырбекова мен Альфия Нұрғалиева біз жерлестеріміздің достас елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-эко¬номикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға жиі саяхаттап баруына қолдан келгенше жағдай жасаймыз дейді.
Өңірде туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Апалы-сіңілі кәсіпкерлер шет елден бөлек, ел ішінде саяхат жасауға ниет еткендерге қызмет көрсетеді.Қазірдің өзінде шығыстың табиғатына тамсанып, саяхат жасауға ниет еткен азаматтар бар.
Бұдан бөлек зайсанда мемлекеттік қолдаудың аясында жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алғандар саны жетерлік. Биыл ROBOTIX деп аталатын оқу орталығы есігін айқара ашты. Орталық жетекшісі - Қуаныш Қабдырасылов. Мұнда балаларға ІТ, робототехника негіздері бойынша дәрістер өтеді. Әлеуметтік бастама «Zhas project» жобасы аясында іске асқан. Қазіргі таңда орталыққа 5 пен 15 жас аралығындағы мектеп оқушылары келіп, ІТ саласындағы білімдерін жетілдіріп, тың дүниелермен танысып жүр.
Зайсандағы кәсіпкерлердің бүгінгі жай-күйі осындай. Еңбекқорлықты талап ететін қоғамда, бұл жандардың жұмысы бүкіл облыс тұрғындары үшін өте маңызды.