Өңірде көктемгі су тасқынын алдын алуға бағытталған жұмыстың 93 пайызы толық орындалды. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиын барысында айтылды. Мамандардың жіті бақылауындағы аудандардың жағдайы қалай? Нақты қандай тапсырма берілді? 

Қазгидромет мамандарының айтуынша облыс аумағының басым бөлігі қар жамылғысындағы су қорының артық болуы және топырақтың қату тереңдігіне байланысты жоғары қауіп басым аумаққа жатады. Бүгінгі таңда көктемгі су тасқынын алдын алуға жоспарланған жұмыс барынша тыңғылықты жүргізілді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерғали Бахаевтың мәліметінше, қазіргі кезде өңірде жалпы сыйымдылығы 17 мың адамға шақталған уақытша орналастыру пункті, 121 мотопомпа бар. Сонымен қатар Алтай, Күршім аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖМ әскери бөлімнің қызметкерлері жұмылдырылды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев келесі су тасқыны кезеңіне дайындықты алдын ала бастау керектігін айтты.

Сонымен қатар жиында өрт қауіпті кезеңге дайындық барысы талқыланды. Облыстық ТЖД бастығы құтқарушылардың дайындығы мен қандай техника бар екендігін баяндады. Өртті алдын алуға негізделген жұмыс барысына тоқалды. Мәселен, өткен жылы облыста 77 орман өрті тіркелген. Өрт сөндіру қызметі мен орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің жедел әрекет етуі нәтижесінде өрттің ауданы мен шығыны барынша азайтылды.