Тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамы - Наурыз мерекесін ұландықтар атап өтті. Бозанбай ауылындағы орталық алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Ауданның жақсы жайсаңы, қариясы мен ақ жаулықтылары бәрі жиналды.

Бозанбай ауылының тұрғындары мен қонақтары құлшыныс танытқан мерекелік шара өзгеше бояумен әрленіп, жиналғандарға айрықша көңіл-күй сыйлады. Әз Наурызға дайындалған көжеден көпшілік дәм татып, өнерлі жастар мың бұрала билеп, ән мен күйден, жырдан шашу шашты.

Бұл күні Наурыздың арқасында ұлттық спорт түрлерінің бәрі дерлік қайта жаңғырып, тән мен жан үйлесімін сақтау үшін қажетті салауатты өмір сүру салтына көшуге мүмкіндік беріп отыр. Сол себепті мерекеде арқан тарту, қол күресі, гір көтеру, қой көтеру, торпақ көтеру секілді спорт түрлері бойынша тұрғындар арасында сайыстар ұйымдастырылады.

Күннің суығына қарамастан аудан халқы белсенділік танытып, ерекше көңіл-күйде болды. Дүбірлі мерекені думандатып өткізген тұрғындар жылдан-жылға аман жетуге тілектерін арнады.

Ерекше әсер сыйлаған Наурыз мерекесі көптің есінде талай уақытқа қалатыны сөзсіз.