Облыстық Халифа Алтай мешітінде 100 отбасыға азық-түлік таратылды. Қайырымдылық шарасын ҚМДБ «Зекет» қоры іске асырды. Қазіргі уақытта діни басқармасының бастамасымен елдің барлық өңірінде осындай игі шара жүзеге асырылып жатыр.

Қасиетті Рамазан айында облыстық Халифа Алтай мешітінде «Рамазан Қоржыны 2024» қайырымдылық шарасы өтті. Адамдар арасында жақсылық пен береке-бірлікті арттыру мақсатында осындай шараларды жиі ұйымдастырамыз, дейді ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ШҚО бойынша өкілі Берік Кәдірұлы.

Отбасыларға таратылған азық-түліктің ішінде 5 келіден күнбағыс майы, макарон өнімдері,күріш, 10 кг ұн, 3 келі қант пен тәтті-дәмділер бар.

Көп балалы аналар мен көмекке мұқтаж жандар ұйымдастырушыларға көрсетілген көмек үшін алғыстарын білдірді.

Шара соңында «Зекет» қайырымдылық қорының өкілдері мешітте облыс тұрғындарына ауызашар берді.