Аймақ басшысы Ермек Көшербаев өңірдегі су тасқыны ахуалы бойынша кеңес өткізді. Қазіргі уақытта аймақтағы жағдай тұрақты бақылауда. Әсіресе, Алтай, Глубокое, Марқакөл және Катонқарағай аудандарына ерекше назар аудару қажет. Синоптиктер алдағы күн райы жылы болатынын айтады.Сәйкесінше, қардың белсенді еруі жүреді. Бүгінгі таңда өңірде су тасқынынан зардап шеккендер жоқ, жағдай облыс әкімінің жеке назарында.

Глубокое, Марқакөл, Катонқарағай, Алтай аудандары су тасқынымен күрес ісінде ерекше назарда. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Глубокое ауданы Белоусовка ауылындағы гидротехникалық құрылыстың жай-күйін тексерді. Бүгінде ауданда су тасқыны жағдайы тұрақты, алдын алу шаралары қолға алынған. Белоусовка кентіндегі Глубочанка өзеніндегі су қоймасының бөгетінде жоспарлы су ағызу жүргізіледі. Облыс әкімі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы Глубокое кентіне де барып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді. Мұнда арықтар мен су бұрғыштар тазартылады.Тұрғын үйлерді су басқан жағдайда азаматтар үшін жалпы сыйымдылығы 2 177 адамды құрайтын 30 уақытша орналастыру пункті әзірленді. Жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері құралымдарының күштері құрылып, техникалар дайындалды.

ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов және ТЖ департаментінің бастығы Ерғали Бахаев бастаған жұмыс тобы жақында Күршім, Ұлан, Марқакөл, Самар, Үлкен Нарын аудандарында бөгеттер мен өзендерді аралап шықты.

Әуеден бақылау барысында Үлкен-Нарын ауылында жүргізіліп жатқан жұмыстар ерекше назарға алынды.

Бірер күн бұрын ауа температурасының көтерілуі мен жауын-шашынның көптігінен Алтынбел және Үлкен Нарын елді мекендерінде су деңгейі көтеріліп, 21 аула аумағын су басқан еді. Бүгінде ауылдағы арықтың бөгеттері күшейтіліп, аулаға кірген су мотопомпалар арқылы шығарылды. Мұндада жағдай тұрақты. Айта кетейік, өңірдегі су айдындарының шекті деңгейі тұрақты бақылауда.