Облыстық Драма театрда елімізге белгілі режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың жаңа қойылымы көрермен назарына ұсынылды. «Дөкей келе жатыр» атты комедия Сафуан Шаймерденовтың шығармасынан алынған. Премьераға жиналған жұрттың қарасы қалың. 

Сафуан Шаймерденовтың «Дөкей келе жатыр» атты драмасы облыстық театрда сахналанды. Комедиялық қойылым бүгінгі заманға лайықталып, ән–бимен әрленген. Қойылым әзілмен, қазақы қалжыңмен жазылған. Театр актерлері әр кейіпкердің мінез-құлқын, болмысын ашу үшін барын салған.

Көрерменді жай ғана күлдіріп қоймай, сол арқылы шындықты жеткізе білу үлкен шеберлікті талап етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттердің алдын-алуда қойылымның маңызы зор.

Актерлер спектакль арқылы халыққа ауылдағы ақкөңіл, кең жүректі тұрғындарды көрсете білген. Облыстық драма театрдың актері Қайрат Мұқышев ауылдағы әкімдікке бастық болғысы келіп жүрген Қилау атты азаматтың рөлді сомдайды.

Басты рөлдегі Көпейдің әйелі Мәриямды сомдайтын Мадина Құмарқызы. Ол бұл кейіпкердің болмысын көрерменге жеткізу қиын болмағанын айтады. «Дөкей» келгенше әуре-сарсаңға салынатын Мәриямның қойылымдағы орны ерекше.

Қала тұрғыны Әдемі Серікова облыстық драма театрға үнемі келеді. Бұл жолғы қойылым да көңілінен шыққан көрінеді.

Комедиялық қойылым көптің көңілінен шықты. Әртістердің шеберлігіне тәнті болған көрермен қошеметтерін аямады.