Кене энцефалиті – көктем мен жаз айларында кене шағуынан жұғатын жедел вирусты ауру. Бұл вирус адамның миын және жұлынын зақымдап, орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Кейде бұл ауру жеңіл өтуі де ықтимал. Қауіпті дертке душар болмаудың кепілі ретінде қарапайым сақтық шараларын әрдайым есте ұстаған абзал. Себебі, дәл қазіргі уақыт өрмекшітәріздінің аса белсенді кезеңі.

Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің табиғи ошағы 8 қала мен ауданның аумағын қамтиды. Оның ішінде Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер және Өскемен қалалары бар. Облыс аумағында кене шағу жағдайлары наурыз айынан бастап тіркеле бастады. Бүгінгі таңда кене шағудан зардап шеккендердің саны төртеу. Ал, өткен жылы 1659 адамды құраған. Оның 493 бала.

Мамандар кене шаққаннан кейінгі үш күн аралығында иммуноглобулин екпесін алу керектігін ескертеді. Міндетті түрде уақытынан кешіктірмей, ем қабылдау қажет. Еш жерді ауыртпайтындықтан, кененің шаққаны бастапқыда білінбеуі мүмкін. Ал одан кейін бас ауырып, дене қызуы көтеріліп, бет және мойынның жансыздануы, әлсіздік сияқты белгілері пайда болады. Бұл жағдайда дереу тұрғылықты жердегі ауруханаға жүгінген жөн.