Өскеменде «Ғылым және өнеркәсіп: cұрақтар, шешімдер және стратегиялар» халықаралық Rnd форумы аяқталды. Форумның екінші күні қатысушылар Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылыми-инновациялық экожүйесімен танысты.
Ең алдымен, форум қонақтары ЖОО базасында құрылған "Лу Бань шеберханасы" оқу орталығына барды. Бұл студенттерге заманауи Қытай жабдықтарын пайдалана отырып, озық автомобиль технологияларын үйренуге мүмкіндік беретін бірегей жоба. Орталықта ұсынылған жабдық жанармай, электр және гибридті автомобильдерге, автомобиль интеллектуалды жүйелеріне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностика бойынша практикалық дағдыларды алуға, өздігінен жүретін автомобиль технологияларын үйренуге және т.б. мүмкіндік береді. Техника ғылымдарының кандидаты Мұрат Мұздыбаев қонақтарға оқу платформаларының әрқайсысының жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып, ынтымақтастыққа шақырды.
Әрі қарай қатысушыларға жол қозғалысын ұйымдастырудың зияткерлік үлгісі SMART-үстел таныстырылды.
Жоғары оқу орнының ғылыми қызметімен танысу Smart engineering құзыреттілік орталығында жалғасты. Бұл орталық жұмысы машина жасау мен тау-кен металлургия кешенінде импортты алмастыратын технологияларды дамытуға бағытталған. Мұнда студенттер нағыз инновациялық жобалармен, соның ішінде медицина саласымен айналысады. Мысалы, клиникалық сынақтардан өтіп жатқан медициналық импланттардың 40-тан астам түрі әзірленді.
Қонақтар экология және тіршілік қауіпсіздігі, Автоматтандыру және мехатроника, Су шаруашылығы және су пайдалану, геология және тау-кен ісі, Ақпараттық технологиялар, энергетика және құрылыс салаларындағы ЖОО-ның бірқатар ғылыми зертханаларының жұмысымен және технологияларымен танысты.
Шығыс Қазақстан облысы елдегі ең инновациялық белсенді өңірлердің бірі. Облыста 20-дан астам ғылыми ұйым жұмыс істейді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыс ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығындар бойынша топ-5-ке кіреді.