Жыл сайын өткізілетін «Балалар кітабы» апталығы – барлық кітап оқитын балалар үшін мереке. О. Бөкей атындағы қалалық кітапханада заманауи технологияны пайдалана отырып оқырман назарына ұсынатын жаңаша дүниелер жетерлік. Бұл жолы да аталмыш кітап ордасы өз келушілерін жаңа жобамен қуантты.

 «Балалар мен жасөспірімдер кітаптарының апталығы» кітапханада өтетін дәстүрлі шаралардың бірі. Бірақ, биыл бұл бастаманың мәні өзгеше. Басты ерекшелік – қалалық кітапхананың балалар бөлімінде «Балалар кітаптарының тарихы - интерактивте» атты жоба жүзеге асырылып, тарихи-танымдық интерактивті музей ашылды.

Жобамен танысып, әдеби-тарихи танымдық шараға қатысу үшін облыстың түкпір-түкпірінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де жиналыпты. Кітапханаға үнемі зиялы қауыммен, елге белгілі ақын-жазушылармен танысу үшін келетін ұстаздар қауымы бұл жолы кітап ордасын жаңаша қырынан танығандарын айтады.

Кітапхана қызметкерлері бұл жолы балалар кітаптарын мұражайда жинақтап, зерттеп, зерделенген рухани құндылықтарды көпшілікке таныстырған. Мұндай тарихи-танымдық интерактивті музей республика бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отырғанын айта кеткен жөн.

Апталық аясында өтетін танымдық шаралар 12-ші сәуірге дейін жалғасатын болады.