Өскемендік еріктілер бірнеше күн ішінде су тасқынынан зардап шеккен аудандардың тұрғындары үшін 8 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады. Онда азаматтарға күнделікті өмірге қажетті заттар бар. Игі іске мұрындық болып отырған «Бірге жақсылық жасайық» еріктілер қоғамдық қоры.

Қала тұрғыны Ринат Боранчинов су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға, қол ұшын тигізіп, қолдау көрсетіп жүр. Ол аптасына үш рет «Бірге жақсылық жасаймыз» еріктілер қоғамдық қорының орталығына барып, керек-жарақ заттарды әкелуде.

Жеті жыл бойы аймақта «Бірге жақсылық жасайық» еріктілер қоғамдық қоры жұмыс істейді. Олардың риясыз жұмысының арқасында мыңдаған мұқтаж адамдар көмек алды. Қазір белсенділер зардап шеккен аймақтардағы тұрғындарға қолдау білдіру үшін үлкен жұмыс жүргізуде.

Таңертеңнен кешке дейін еріктілер тыным таппай қала тұрғындары әкелетін киімдер мен түрлі заттарды іріктеп, жинақтайды.

Жиналған гуманитарлық көмек көліктерге жүктеліп, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберілетін болады.