Риддерде су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды. Жағдайды бақылауда ұстау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері елді мекендердегі су айдындарына тұрақты мониторинг жүргізіп жатыр. Жергілікті әкімдік еріген қар суын бұру, өзен арналарын тазарту, бөгеттерді нығайту шараларын іске асыруда. Төтенше жағдайды болдырмау мақсатында қажетті техника мен эвакуациялық пункттер әзірленді. 

Алдын алу шаралары өткен айдың ортасынан басталған. Қала аумағындағы арықтар тазартылды. Бұл жұмыстар Ботаника, Гавань, Лениногрская аудандарында жүргізілген. Ал жаңа су өткізгіш құбырлар Ульбастрой, ДОССАФ және Быстуршинская, Базовая көшелерінде Үлбі кентінде және Бутаковка ауылында төселген.

Риддер аумағында алты су қоймасы бар. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл нысандардағы деңгей қалыпты.

Егер жағдай ушықса Риддер қаласында үш эвакуациялық пункт дайын. Уақытша орналастыру орындары да әзірленді. Ол үшін жергілікті әкімдік "Алтай", "Турист", "Қазақстан" қонақ үйлерімен келісім жасаған.