Шығыс Қазақстанда облыстық маңызы бар «Теректі – Ұрынхай – Төсқайың» бағытындағы тас жолдың 13-і шақырымында топырақ көшкіні жүрді. Салдарынан «Мраморное» асуы маңындағы жолға зақым келді. Қазіргі уақытта тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жол қозғалысына шектеу қойылды. Болған жағдай туралы «ОблШығысЖол» қызметкерлері мәлімдеген.

Оқиға орнында жергілікті атқарушы билік және ТЖ қызметі жұмыс істеуде. Қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша ауыр техника жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері кезекшілік ұйымдастырды. Топырақ көшкіні жаңбыр және қардың еруі салдарынан болған.

Сондай-ақ, өңір басшысы Ермек Көшербаев Алтай ауданына барып, су сору станциясының жұмысымен танысты. Бұрынғы кен орнындағы қалдық және артық суды шығарып отырған аталмыш станция 2010 жылы іске қосылған. Жергілікті аумаққа қауіп төнбес үшін су мөлшері қауіпті деңгейден асқаннан кейін, сорғы станциясы іске қосылып, артық суды ағызып отырады. Қазіргі су тасқыны кезеңінде қауіптің алдын-алу үшін сорғы станциясы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қосымша станция салу немесе су өткізуші жер асты каналын салу жоспарда бар,- дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.