«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Глубокое кенті тұрғындары да қолдау көрсетті. Мемлекеттік қызметкерлерден бастап туған өлкесінің тазалығына немқұрайлы қарамайтын тұрғындар да сенбілікке шықты. Көше бойын тазалаған жұрт көшет егіп, айналаның жасыл желекке айналуына септігін тигізді.

Кенттің көркін келтіретін саябақтар мен аллеяларды, көпшілік жиналатын мәдени орында тазарту апта соңына дейін жалғасады. «Мұндай жәдігерлердің бастапқы қалпын бұзбай, жайнап тұру тікелей бізге байланысты. Ұрпақтың жарқын келешегі туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталады», - дейді жастар ресурстық орталығының директоры Лаура Нұрқасынова.

"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы басталғанына екі апта болды. Тұрғындар мұндай сенбіліктер тек арнайы уақытта ғана емес, әр аптада үрдіске айналуы қажет дейді. Себебі, ауданның келбетін сақтау - баршаға ортақ міндет.

Акция басталғаннан бері қатысушылар 10 тонна қоқыс жинап, полигонға шығарды.

Кенттегі сенбілікке 500-ден астам адам қатысып, 200 көшет отырғызылды.