"Таза Қазақстан" акциясының жиырмасыншы сәуірге дейінгі аптасы "Киелі мекен" деп аталады. Бұл аптада тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылады. Бүгін шығыс жұрты жаппай кезекті сенбілікке шықты.Өңір халқының белсенділігі бірден байқалды. Өскемендіктер көрнекті қазақ қолбасшысы Қабанбай батырдың ескерткішін абаттандырып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Өңір тұрғындары ескерткіш маңын тазалап, мұнтаздай етті. Жастар мен еріктілерден бөлек, науқаннан ардагер ақсалдарда тыс қалмады. Киелі мекенге келіп тазалық жұмыстарына қатысып, атсалысып жүр. Бұл бастаманың мақсаты – экологиялық мәдениет деңгейін арттыру. Тұрғындардың, әсіресе жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту, дейді Облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Алдияр Әубәкіров.

Әр өңірдің белсенді мүшелері елді мекен аумағын қоқыстан тазартып, экологиялық акцияға қатысып жатыр. «Киелі мекен» апталығына арналған бұл шараны облыстық мәдениет басқармасының өкілдері ұйымдастырды. Ескерткіш маңын тазартуға 70–ке тарта адам жұмылдырылған.

Акцияға қатысушылар жергілікті атқарушы мекеме тарапынан абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құрал-жабдықпен қамтылды. Облыс орталығынан бөлек бүгін аймаққа қарасты аудан-ауылдарда да тазалық жұмыстары жүріп жатыр.