Аймақта 8 сәуірден өрт қауіпі кезеңі басталды. Бұл туралы ақпараттық орталықта өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары хабарлады. Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Нұржан Өміржановтың сөзінше өткен жылғы маусымда аймақта 77 орман өрті тіркелген. Оның салдарынан жойылған орман алқабы 502 гектарды құрайды. Материалдық шығын көлемі 36 млн.ға жуық. Жасыл желекті қызыл жалын шарпуының негізгі екі себебі бар дейді мамандар. Бірі – найзағайдың түсуі болса, екіншісі адами фактор. Қазіргі таңда тілсіз жаудың алдын алу үшін 71 бірлік өтімділігі жоғары өрт сөндіру автоцистернасы, «КУНГ» және «Вахта» жеке құрамын жеткізуге арналған 12 автомобиль сақадай сай.Бұдан бөлек, әуеден барлау жүргізіледі. Оны «Қазавиаорманқорғау» мамандары іске асырады. Бұл жұмыстарға қосымша «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел ден қою жасағы» мекемесінің базасында 20 адамнан тұратын мемлекеттік өртке қарсы қызмет құрылды. Еске сала кетейік, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 336-бабына сәйкес, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.