Риддер қаласының құрылғанына 238 жыл толып отыр. Осыған орай жылдар бойы баспана кезегінде тұрған 10 көпбалалы отбасыға жаңа үйлердің кілті табысталды. Баспаналар Ботаника 3-шағын ауданында «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы бойынша бой көтерген. Жергілікті әкімдік ақпаратына сүйенсек, жалпы жоба құны 340 млн теңге. Екі пәтерлі 10 үйдің құрылысына қаржы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген.
Әр үйдің ауданы 80 шаршы метр, үш бөлмелі. Сонымен қатар, ас бөлмесі, от жағатын бөлмесі бөлек және жуынатын бөлме бар. Барлық баспана тұрғындарға толықтай дайын қалпында табысталды.
Риддерліктер 1 маусым күні республикалық алаңда қала күнін атап өтті. Атаулы күнге орай «Туған қалам – Риддерім!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шара еңбек ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, «Казцинк» кәсіпорнының өкілдеріне алғыс білдірумен басталды. Қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар мен спортшыларға да алғыс айтылды.
Бұдан бөлек, мәдениет үйінде балалар мерекесіне орай қала бойынша ең үлкен «Джунгли парк» ойын-сауық орталығы ашылды. Онда балаларға барлық жағдай жасалған. Мұнда олар емін – еркін ойнап, қызықты уақыт өткізе алады.
Мерекелік шара кешке дейін жалғасты. Қала тұрғындары үшін субұрқақ іске қосылды. Жиналған қауымға көңіл күй сыйлау үшін елге танымал әншілер келіп, ән шырқады. Айта кетейік, шараға мұрындық болған «Казцинк» ЖШС.