С.Аманжолов атындағы ШҚУ-де «Инклюзивті білім беру: инновациялық тәсілдері мен сын-қатерлері» тақырыбында мәжіліс өтті. Жиынға «Арнайы педагогика» және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің өкілдері қатысты. Қатысушыларға ЖОО-дағы бірегей орталықтар мен кітапханалар таныстырылды.

Экскурсия «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығын таныстырумен басталды. Мұнда қатысушылар аппараттық психодиагностика және психокоррекция, сенсорлық интеграция сынды кабинетермен танысты.

Сондай-ақ, қонақтар университет қабырғасындағы Бейбіт Мамраев есімі берілген ғылыми кітапхананың бай қорымен танысты.

Ал жиында көтерілген басты тақырып С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Арнайы педагогика» және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша жаңа маман кадрларын даярлау. Қазіргі таңда ЖОО қабырғасында «Ерте жастан қолдау педагогикасы» және «Эргопедагогика» инновациялық білім беру бағдарламалары табысты іске асырылуда.

ЖОО-нан түлеп ұшқан мамандар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, оңалту және медициналық орталықтарда жұмыс істей алады.

Мәжіліске қатысушылар қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ЖОО оқытушылары мен арнайы білім беруді жүзеге асыратын орталық мамандары бар.