Өскемен қаласы жақын күндері жаңа демалыс орнымен толығады. Облыс орталығындағы Астана көшесі бойындағы жағалау абаттандырылып жатыр. Қазіргі таңда мердігер мекеме Үлбі өзенінің жағалауын бекітіп үлгерді. Бұдан бөлек, бұл аумақта көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі.
Абай және Шәкәрім даңғылдары қиылысында жаңа демалыс орны пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда мердігер мекеме жүктелген міндетті кестеге сай жүргізіп жатыр. Жоба аясында мұнда 7 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Бұдан бөлек, архитектуралық мүсіндер де орнатылмақ. Нысанды қала күніне дейін аяқтау көзделген. Бұл жоба «Таза Қазақстан» акциясы аясында іске асырылуда.
Жаңа демалыс орнына жайлы орындықтар қойылып, ымырт түссе жарық шамдармен бедерленіп көрінетін түрлі сәулеттік бейнелер орнатылды. Мұнда ересектермен қатар, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған.