ШҚО хоккей мектебінің түлегі Максим Мұхаметов Өскеменге Гагарин кубогын алып келді. Б.Александров атындағы спорт сарайында өткен шараға «торпедолық» жеткіншектер мен жанкүйерлері де қатысты. Шығыстан шыққан чемпионмен облыс әкімі Ермек Көшербаев кездесті.
Өскеменде дүниеге келген спортшы Құрлықтық хоккей лигасында Магнитогорсктің «Металлург» командасында өнер көрсетеді. Өткен хоккей маусымында Максим Мұхаметов жеңімпаз атанған болатын. Бұдан бөлек, 25 жастағы спортшы ұлттық құрама сапында екі рет әлем чемпионатына аттанып, 4 шайба соққан болатын. Жерлестерімен кездескен Максим Мұхаметов ыстық ілтипат үшін ризашылығын білдіріп, өзінің фамилиясы жазылған жейдені облыс әкімі Ермек Көшербаевқа тарту етті.
Ал «Торпедо» клубының бас демеушісі – «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев хоккейдің өскемендіктер, жалпы өңір тұрғындары үшін ерекше спорт екенін атап өтті. Бұдан бөлек, аймақтағы ірі өндіріс орны спортшыларға көрсетілетін қолдау көлемі жылдан-жылға арта беретінін айтты.
Кездесуде Максим Мұхаметовтің ата-анасы мен жұбайының иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Алғашқы бапкері Василий Васильченко өз шәкіртін мақтан тұтатынын айтып, оған жаңа жеңістер тіледі.
Кездесу соңында жаңкүйерлер Құрлықтық хоккей лигасының чемпионымен суретке түсіп, қолтаңбасын алды.