Ел Президентінің пәрменімен қолға алынған шалғай елді мекендердегі медицинаны дамыту бастамасы Зайсан ауданында қарқынды. Өткен жылы ғана жеті медициналық ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Оның алтауы ауылдық жердегі нысан болса, біреуі аудандық аурухана. Осының арқасында мыңдаған адам үшін медициналық-санитарлық көмек қолжетімді бола түсті.

Ауыл тұрғындарының қажеттілігіне бағытталған жоба Зайсанда басқа аудандарға қарағанда көш ілгері. Бір ғана мысал, биыл Жарсу және Саржыра ауылдарында азаматтар үшін медициналық ғимараттар құрылысы басталған. Осылайша, медициналық қызмет сапасын арттыруға жағдай жасалып отыр.

Ғимараттарды жаңғырту, жөндеу жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Сондай-ақ, ауадай қажет құрылғылармен де қамтылып жатыр. Мәселен, өткен жылы аудандық ауруханаға құны 465 млн теңге тұратын компьютерлік томограф аппараты алынған еді. Аппарат зайсандықтар үшін ғана емес, көршілес Тарбағатай, Марқакөл халқының игілігіне де қызмет етіп келеді.