Тарбағатай ауданында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі ойдағыдай шешімін табуда. Биыл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында ауданда 62 баспана салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын күзге қарай аяқтап, жыл соңына дейін азаматтарға кілттерді табыстау жоспарланған.
Пәтер кезегінде тұрғандардың қатарын азайтуға әрі аудан орталығының ажарын аша түсуде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы мол сеп болғанын айта кеткен жөн. Себебі, бастама аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандардың бірсыпырасы үйлі болып, қуанып қалғаны рас. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, аудан көлемінде 31 екіпәтерлі үй қоданысқа берілмек. Сондай-ақ, жаңа үйлердің маңында жолдарды асфальттап, тротуарлар төселмек. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да шет қалмайды.
Осылайша киелі Тарбағатай елінде аталмыш бағдарлама арқылы тұрғын үйлер бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Үйлердің еңселі шатырлары мен жарқыраған шамдары аудан орталығының салтанатын арттырып, үйлесіп тұр.