Глубокое ауданының Веселовка ауылындағы «Виситаев Р.Д» шаруа қожалығы кәсібін дөңгелетіп отыр. 2021 жылдан бастап облыстағы бірнеше шаруашылық оңтүстік африкалық асыл тұқымды дорпер қой тұқымын өсіріп жатыр. Дорпер қой тұқымын өсіру- болашағы зор және табысты кәсіп болмақ деп есептейді сала мамандары.

 «Виситаев Р.Д» қожалығы өсімтал дорпер тұқымын 2021 жылы Алматы және Павлодар облыстарынан сатып әкелген. Қазір мұнда 50 бастан астам дорпер тұқымды саулық мал бар. Шаруашылық иесі қойлардың біздің облыстың климаттық жағдайына жақсы бейімделіп алғанын айтады.

Веселовка ауылының тұрғындары мұндай ірі қожалықтың болғанына қуанышты. Себебі жылдың әр мезгілінде ауыл адамдарын жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, ауылдың игі шараларына әрдайым демеушілік көрсетіп жүргеніне дән риза.

Қазақстанда биылғы жылдың басында шаруашылықтардың барлық санатындағы қойлардың саны 19,7 млн басты құрайды. Облыста жалпы қой саны 483,2 мың бас немесе еліміздегі жалпы мал басының 2,4% құраған. Өңірде асыл тұқымды қойлардың үш түрі өсіріледі, олардың саны 31 мың бастан асқан, асыл тұқымды қойлардың жалпы отар басындағы үлесі 6,3 пайызды құрап отыр.