Елде қатерлі ісікке шалдыққандар саны шамамен 3500-ге жуықтайды. ШҚО өкпенің қатерлі ісігінің өршу көрсеткіші бойынша үшінші орында. Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күніне орай облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында отырыс өтті. Онда мамандар тамыздың 1 мен 2-сі күндері сағат 08.00-ден 13:00-ге дейін ашық есік күні ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Мұнда тұрғындар орталықтың жетекші дәрігерлерінен жолдамасыз және МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан тегін кеңес ала алады.

Өкпенің қатерлі ісігі - ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі. Соңғы 6 айдың ішінде облыс бойынша 122 науқас тіркелген. Олардың орташа жасы - 35 пен 75 жас аралығында.

Мамандардың сөзінше, облыстық ауруханада дертті емдеудің жаңа технологиялық әдістері қолданылуда. Кеуде қуысының төмен дозалы компьютерлік томографиясы қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтады. Ол стандартты флюорографиядан үлкен артықшылықтарға ие. Осы зерттеудің көмегімен кеуде мүшелеріндегі кез-келген патологиялық өзгерістерді анықтап, ауруды алғашқы кезеңде-ақ байқауға болады, дейді ақ халаттылар.

Ерте анықтау емдеу болжамдарының жақсаруына және қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімнің төмендеуіне ықпал етеді. Тұрақты медициналық тексерулер мен скринингтер әсіресе жоғары қауіпті топта тұрған адамдар үшін маңызды.

Бүгінгі таңда ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында жетекші шетелдік клиникалардың тәжірибесі бойынша заманауи технологияларды енгізе отырып кеуде қуысының органдарына операциялар жүргізілуде. Жағдайлардың тек 20% - ы операциялық болып саналады. Егер ауру дамудың бастапқы сатысында болса, хирургиялық емдеу жақсы нәтиже береді. Сондықтан өкпенің қатерлі ісіктерін ерте анықтау өте маңызды.