Қазір «интернет-алаяқтық» деген ұғымнан ат үркиді. Алайда, әлемжеліде алданып, сан соғып жатқандар көп. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, интернет-алаяқтық жиілеп, тіпті, жаңа түрлері пайда болуда. Мәселен, «SIM-картаңыздың жарамдылық мерзімі жақын арада аяқталады» дегендей хабарлама. Өңірде дәл осылай хабарласатын ұялы байланыс операторларынан қоңыраулар көбейген. Бұл алаяқтықтың жаңа түрі.
Түсіп жатқан арыздарға сүйенсек, алаяқтар адамдарға қоңырау шалып, өздерін ұялы байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, оған SIM картаның мерзімі аяқталғаны және оны ұзарту үшін көрсетілген сілтеме бойынша өту керек, дейді. Осылайша, алаяқтар банктердің қосымшаларына, ресми аккаунттарға және басқа да жеке мәліметтерге қол жеткізеді.