Өскемен іргесіндегі Шешек асуында салынып жатқан жаңа демалыс аймағы қала тұрғындары үшін ғана емес, өңірдің туристік тартымдылығы үшін де маңызды орынға айналмақ. Қазір құрылыс жұмыстарының 50 пайызы орындалған. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов шаһардағы туристік нысандардың жұмыс қарқынын бағамдау мақсатында бірнеше нысанға барып қайтты.

Шешек асуында қырыққа жуық көлікке арналған автотұрақ салынуда. Демалушылар үшін арнайы тынығу орындары мен балалар алаңы да қарастырылған. Асудың ең биік нүктесінде панорамалық көрініс ұсынатын көру алаңы бой көтереді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов серуен аймағындағы жұмыстардың сапасына ерекше мән беріп, мұндай жобалардың тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып қана қоймай, қаланың көркін арттырып, туризмнің дамуына серпін беретінін айтты.

Құрылыс жұмыстары жиырмасыншы мамырда басталған. Ал қолданысқа беру қала күніне жоспарланған. Алайда мердігерлер жаңа демалыс аймағын облыс орталығы тұрғындары үшін жоспарланған мерзімнен ертерек аяқтаймыз,- дейді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Қазақстан көшесінің тұсындағы көпір асты кеңістікті абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Жоба аясында ашық спорт алаңы мен балаларға арналған ойын аймағы бой көтермек.

Өңір басшысы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы жанындағы скверде абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Мұнда субұрқақ орнату жоспарланған. Облыс әкімі ашық сахна салуды ұсынып, құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын тапсырды.