Мұсылман қауымының басты мерекесі саналатын Құрбан айт биыл 6-шы, 7-ші, 8-ші маусымға белгіленіп отыр. Айт намазы өңірдегі мешіттерде 6 маусым күні таңғы сағат 7:00-де оқылады. Облыс орталығында құрбандық шалуға арналған арнайы жабдықталған орындар да әзірленді.
Айт күндері атқарылатын игі істің бірі – құрбандық шалу. Облыс бойынша құрбандық шалуға арналған 12 орын бекітілген. Арнайы орындарда мал басы сатылып, қасапшылар мен имамдар халыққа қызмет көрсетеді.
Өңірлік дін істері басқармасы малдың еті ысырап болмас үшін ішек-қарын аршитын және бас үйтетін адамдарды да дайындағанын мәлім етті. Санитарлық талаптың сақталуын ветеринария мамандары қадағалайды.
Тұрғындарға қолайлы болу үшін биыл да құрбан шалу онлайн форматта да жүргізіледі. Мерекеге орай «qurban2025.kz» сайты жұмыс істеп тұр. Яғни, құрбан шалу орнына бармай-ақ, малды онлайн таңдап, сойдырып алуға болады. Осы сайт арқылы мұқтаж отбасылар да өтініш қалдыра алады.