Сол жағалаудағы Шығыс Қазақстан облыстық музей-қорығында Абай күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. «Абай – қазақ әдебиетінің сөз зергері» атты шараға саябаққа келушілермен қатар Қ.Қайсенов атындағы №27/943 әскери бөлімінің жас сарбаздары мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Оларға Абайдың мол мұрасы ұсынылған көшпелі көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, этно-фольклорлық ансамбльдің орындауындағы концерттік бағдарлама қатысушыларды рухани байытып, Абайдың өшпес мұрасын тағы бір мәрте насихаттады.

Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де әлі өзектілігін жоймаған, оқырмандарына темірқазық бола білген рухани қазына – Абайдың шығармаларын бір күннің еншісіне сыйдыру мүмкін емес. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ақынның өзі айтып кеткендей, оның жұмбақ өмірін жастарға насихаттау бүгінгі шараның басты мақстаты.

Көрмеде Абайдың шығармалары, жазба еңбектері, сирек кездесетін қолжазбалары қойылды. Әр экспонат қазақ әдебиетінің баға жетпес мұрасының бір бөлігі ретінде көрініс тапты. Этнопарк аумағында ұлттық киім киген өнерпаздар Абайдың шығармаларын нақышына келтіріп орындап, қонақтарды ерекше әсерге бөледі.

Музей-қорық аумағында Жидебайдағы Абай үйінің көшірме-нұсқасы келушілерге таныстырылып, сол заманғы ақынның өмір сүрген уақытына шолу жасады. Жас сарбаздар Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы білгендерінің рухани мәні зор екенін айтты.

Сол жағалаудағы музей-қорық қызметкерлері келушілерді ақынның бай мұрасымен таныстырып, ұлттық рухты көтеруді жалғастыра береді. Аталған іс-шара Абай шығармаларының өшпес мұра екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.