Бүгінгі таңда облыста 206 балабақша және 180 шағын орталықтар жұмыс істейді. Биыл 380 орындық жаңа балабақша ашылды. Жыл соңына дейін кезекте тұрғандардың санын азайту мақсатында 1593 бала мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне орналастырылады. Бұдан бөлек 2024-2025 оқу жылына мектептердің дайындығы, оқулықпен қамтамасыз етілуі, балалардың қауіпсіздігі сияқты негізгі мәселелер облыс әкімдігінде өткен жиын барысында талқыланды.
Бүгінде облыста орта білім беру жүйесінде 343 мектеп жұмыс істейді. Жоспарға сай 1 қыркүйекте біліммен 98 мың бала қамтылады. Қазіргі кезде бірінші сыныпқа балалардың құжатын қабылдау әлі де жүргізіліп жатыр. 22 тамыздағы ақпарат бойынша мектеп табылдырығын аттауы тиіс 9664 баланың 9574-нің құжаты қабылданды. Биыл Өскемен қаласында 600 орындық жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ, Зайсан қаласында 300 орындық, Жаңа Бұқтырмада 200 орындық мектеп құрылысы жүзеге асуда.
Сондай-ақ басқарма басшысы өз сөзінде биыл жаңа модификациядағы 45 пәндік кабинет сатып алу жоспарланғанын атап өтті. Оның 33-і бүгінгі таңда толық орнатылды. Қазіргі кезде облыстағы 343 мектептің барлығы интернет желісіне қосылған. Өткен жылы «Starlink» жылдам жолақты интернет желісіне қосылуы тиіс 170 мектеп тізімі анықталған болатын. Қазіргі кезде 142 жиынтық іске қосылды. Жаңа оқу жылында аз қамтылған отбасыларының 9510 баласы тегін тамақтанады. Сонымен қатар балалар қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Жылыту маусымына білім беру мекемелері толық дайын. Басқарма басшысы өз сөзінде өңірде 38 колледждерге бөлінген білім гранттарының саны артқандығын жеткізді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша 6630 орын бөлінді. Оның ішіндегі 905 орын нақты мақсатты мамандықтарға, яғни жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша берілген.
Сонымен қатар жиын барысында жылыту маусымына дайындық барысы да талқыланды. Облыстық жылу электр орталықтарының дайындығы бүгінгі таңда 75 пайызды құрайды. Ал су электр станцияларында жөндеу жұмыстары 74,7 пайызға орындалды.
Алтай, Үлкен Нарын аудандарында, Риддер қаласында тұрғын үйлерді қысқа дайындаудың төмен көрсеткіші байқалады. Сонымен қатар бірқатар аудандарда қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Мәселен, Глубокое ауданындағы қазандықтағы жөндеу жұмыстары 62 пайыз дайын. Үлкен Нарын ауданындағы жөндеу жұмыстары жылыту маусына дейін толық аяқталады. Күршім ауданы мен Алтай ауданында да жұмыстар кестеге сай жүзеге асырылуда.