Бүгін 30 тамыз халқымыз үшін ерекше мереке – Конституция күні тойлануда. Қала халқы таң атысымен орталық алаңға жиналып, концерттік бағдарламаны тамашалауда. Бүгінге жоспарланған мерекелік шаралар өте көп, кең көлемде аталып өтілуде. Салтанатты концерт, сондай-ақ спорттық шаралар, балаларға арналған түрлі қызықты бағдарламалар қала халқына ұсынылатын болады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – біздің тәуелсіздігіміздің кепілі, құқықтарымыз бен бостандықтарымызды қорғайтын басты құжат. Осы Конституцияның арқасында елімізде құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғам қалыптасты. Ел ішіндегі тәртіп пен тұрақтылықтың кепілі болған еліміздің басты заңына бүгін 29 жыл толып отыр. Республика алаңына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Таң азанмен облыстың басты шаһарын мерекелік атмосфераға бөленді. Үрмелі аспаптар оркестрінің шеруі мерекелік концерттің шымылдығын ашты.
Бүгінгі мерекеде өңір басшысы Ермек Көшербаев облыстың дамуына ат салысып жүрген түрлі сала майталмандарын марапаттады. Оларға "Құрмет", "Еңбек даңқы" ордендері, "Ерен еңбегі үшін" медальдары табыс етілді. Концерттік бағдарламада аймақтың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.Әйгілі опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин шығыс жұртын атаулы күнмен құттықтады.
Осыдан 2 жыл бұрын 2022 жылы 5 маусымда жалпыұлттық референдум өтті.Онда Қазақстандықтар Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу үшін өз дауыстарын берді. Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сай референдумға 7 985 769 адам қатысып, оның 77,18 пайызы Ата заңға өзгеріс енгізу бастамасын қолдады. Конституцияға енгізілген ауқымды өзгерістер қоғамның түрлі саласындағы институттарды жетілдіріп, демократиялық құндылықтарға сай құқықтық база қалыптастыруға жол ашты.
Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – Президенттің бір ғана мерзімге, 7 жылға сайлануы.Бұл шешім биліктің тиімділігін арттыруға және ел басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Парламенттің рөлі күшейді. Мәжіліс заңдарды қабылдауға жауапты болса, Сенат оларды мақұлдайды. Бұл жүйе билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтап, елдегі заңнамалық процестердің айқындылығын арттырды. Тағы бір маңызды өзгеріс – мажоритарлы сайлау жүйесінің қайта енгізілуі. Осылайша Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы, облыстық мәслихаттар депутаттарының 50, аудандық мәслихат депутаттары 100 пайыз тікелей халықтың дауыс беруімен сайланады. Бұл өзгеріс қоғамдағы саяси белсенділікті арттырып, азаматтардың мемлекет басқаруына қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Елімізде жаңа орган – Конституциялық сот жүйесі жасақталды. Сонымен қатар, Конституциядағы өзгерістерден кейін көптеген заңдар жетілдірілді. Соның арқасында елімізде демократиялық құндылықтарды бекітетін нормалар қабылданды. Осы өзгерістердің барлығы еліміздің демократиялық жолмен дамуына, азаматтық қоғам құндылықтарын нығайтуға және мемлекетіміздің болашағын айқындауға бағытталған. Қала жұртшылығы мерекеге арнайы ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен дәм татты.
Алаңға жиналғандар түрлі қызықты шаралардың куәгері болды. Қарбыз фестивалі ұйымдастырылып, көздің жауын алатын түрлі әсем бейнемен өрнектеліп ойылған қарбыздан жасалған туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ өңірдің колөнер шеберлері де мерекеден тыс қалмады. Маңдай алды туындыларын облыс жұртшылығына паш етті.
Жиналған халықтың жүздерінен қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сезіледі. Бұл күннің қазақ халқы үшін маңызы ерекше. Бірі - заң үстемдігін мақтан тұтса, енді бірі өз елінің патриоты ретінде осындай мерекені тойлауға асық.
Мерекеге жиналғандар көңіл көтеріп, ән айтып, биледі. Олардың жүздерінен қуаныш сезіледі, мерекелік көңіл-күй ерекше байқалады. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін барлығы Республика алаңында жүр.