Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары Казцинк» ЖШС-нің қолдауымен балаларға жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері жайында ақапарат беретін мультфильмді таныстырды. Мультфильмнің басты кейіпкерлері бұған дейін өрт және судағы қауіпсіздік туралы баяндаған Айа мен Тентек.
Мультфильмнің жаңа сериясы Өскемендегі №11 лицейдің оқушыларына көрсетілді. Құтқарушылар биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алғашқы дүмпу кезінде сыныпта қауіпсіз орындарды қалай табуға болатынын айтты.
№11 мектеп-лицейі қала мектептерінің ішінде білім сапасы бойынша үздік үштікке кіреді. Биылғы оқу жылында білім ордасының бірінші сыныбына 121 оқушы қабылданған.
№11 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Икамбаева балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, маңызды ақпарат берген облыс құтқарушылары мен мағыналы мультфильмнің жарық көруіне мұрындық болған «Казцинк» ЖШС-нің басшылығына алғысын жеткізді.
Өңір сейсмикалық қауіпті аймаққа жататындықтан балалардың бұл ережелерді білуі маңызды. Мультфильм болашақта облыстағы барлық мектептерде көрсетіледі.