«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы жолдауында мемлекет басшысы елімізде тіліне, дініне, ұлтына қарай ешкімге ешқандай қысым жасалмайтынын айтты. Әрі ел ішіне ақшаға бола іріткі салып, алауыздық туғызғысы келетіндерге қатаң ескерту жасады. Мемлекет басшысының айтуынша Қазақстанға орынсыз шүйлігетіндер қоғамға да билікке де еш әсер ете алмайды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев білім, ауыл шаруашылығы білікті мамандарды даярлау мәселелеріне тоқталып, оң өзгерістер жайлы айтты.
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында экономикалық даму, елдегі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік қолдау сынды елдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Әділеттілік жаңа экономикалық бағыттың өзегіне айналуы тиіс. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогресті қамтамасыз ету азаматтардың жасампаздық әлеуетін жан-жақты ашу, халықтың әл ауқатын нақты арттыру -мемлекеттің басты міндеттері.
Мемлекет басшысының биылғы жолдауы қарапайым еңбек адамдарын бір қуантып қойғаны анық. Өйткені президент 2025 жылды "жұмысшы мамандықтары" жылы деп жариялады. Сондықтан құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты кез-келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға көңіл бөлініп, мәртебесі артпақ. Шығыс жастары мемлекет басшысының Жолдауында қоғамды толғандырған өзекті мәселелер қозғалды деген пікірде.
Мемлекет басшысы экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету және су шаруашылығы, құрылыс, энергетика сияқты негізгі салалардағы маман тапшылығын еңсеру, болашақта пайда болатын мамандықтарға мамандар даярлау қажеттігін атап өтті.
Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін, - деді Президент.
Елдегі әр саланы цифрландыру қажет.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолданатын елге айналуымыз тиіс, -деді.
Мемлекет басшысы бір жарым сағатта ел дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Жалпы жолдауда айтылған шаруа шаш-етектен. Енді осы стратегиялық құжаттағы маңызды міндеттерді қалай іске асыру жайын Үкімет талқылап, ұлттық жоспар әзірлеуі тиіс.