Қылышын сүйреткен қыс та алыс емес. Әрине, осы кездегі өзекті мәселе жылыту маусымына әзірлік. Аймағымыздың ең суық өңірлерінің бірі – Риддер қыстың қамын жаз ойлап, дайындықты ерте бастаған. Қала әкімдігінің алдағы жылу маусымына әзірлігі қызу. Әлбетте, ең алдымен тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалардың дайындығы назарда.

Көппәтерлі үйлер, білім беру орындары сияқты басқа да әлеуметтік маңызды ғимараттар мен инфрақұрылымдық нысандардың қысқа дайындығы қатаң тексеріліп жатыр. Биыл атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлық. Қала көшелері мен үйлердің жылу құбырлары ауыстырылды. Ескісі жаңартылып, апаттық орындарда олқылықтар жойылды.

Қалалық ТҮКШ бөлімі мамандары жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын орындаудың жалпы пайызы 98,5%-ды құрайды деп мәлімдеді. Бұл қаланың жылу маусымына дайындығының жоғары көрсеткіші. Дегенмен, тұрғын үйлердің қысқа дайындығы азаматтардың да жауапкершілігі. Себебі, әр меншік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері жылу маусымына әзірлікті Жылу орталығы мамандарымен бірлесе отырып іске асыру керек. Елена Каэль сол белсенді азаматтардың қатарында. Тұрып жатқан үйінің қысқа дайындығымен айналысып жүр.

Қалада 35 білім беру мекемесі бар. Оның 16-сы мектеп. Соның 13-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Барлығы қолдарына жылу жеткізуші мекемеден дайындық актісін алған. Үш мектеп қана қатты отын – көмірмен жылытылады. Ол мектептер де 100 пайыз көмірмен қамтылып, жылыту қазандықтары тиісті жөндеуден, тексерістен өткен екен.

Қала әкімдігі мен Табиғи монополияларды реттеу мамандарының ұйымдастыруымен журналистер үшін Риддер Жылу электр орталығы станциясында пресс-тур өткізілді. Оның барысында инженерлер орталық осы айда жылу беруге дайын екенін жеткізді. Қазір жөндеудің соңғы кезеңі жүріп жатыр.

Қазір қаладағы 407 көппәтерлі үйдің 356-сы техникалық дайындық жұмыстары туралы актіге ие. Қалғанынікі кемшіліктерді түзетуге байланысты қайтарылған.