Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында әскери қызметте заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет екендігін атап өтті. Мемлекет басшысының биылғы жолдауын аймақтағы әскери қызметшілер де өзара талқыға алды.
Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуы тиіс», деді.
Күршімдегі шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Олар да Президент Жолдауын ден қойып тыңдаған. Қатардағы жауынгер Әсет Сұлтанбеков ер азаматтар Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, елге қызмет етуі тиіс деп санайды.
Президент Жолдауда бұқаралық спортты дамытуға ерекше
мән беріп отырғанын жеткізді. Ол «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» - деп айтты. Бұл пікірге әскери қызметшілер де бір кісідей ой білдірді. Қарулы күштер қызметі де спортты дамытып, түрлі жарыстар ұйымдастыруға бел буып отыр.
Әскери қызметшілер жолдау төңірегінде айтқан пікірлерінде Мемлекет басшысының Қазақстанды реформалау жөніндегі шараларын іске асыру елдің қарқынды және бақуатты дамуының кепілі болатынына сенім білдірді.