Өскеменде отбаслық зорлық – зомбылықтың алдын алуға бағытталған семинар өтті. Бұл шараға БҰҰ-ның Халыққа қызмет көрсету қорының өкілдері қатысып, іс-тәжірибесімен бөлісті. Семинардың мақсаты - азаматтардың құқықтарын қорғаудың кешенді тәсілін түсіндіру.
Семинарға жергілікті полиция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. 2017 жылдан бастап қолға алынған Түркістан облысының зорлық-зомбылықпен күрес тәжірибесі Қазақстанның басқа өңірлеріне үлгі. Бастама өзінің тиімділігін көрсетті.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығы мамыр айынан бастап қызметіне кіріскен. Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, қажетті көмек көрсетеді.
Бүгінде бұл тақырып қоғамда өзекті, себебі Қазақстандағы әрбір алтыншы әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны, дейді мамандар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да құқығына қол салғандар да бар көрінеді. Ал мұндай осал топтағы жандар кейде қалай, қайда барып көмек сұрарын білмей жатады.
Облыс орталығындағы семинар үш күнге созылды. Шара аяқталғаннан кейін мамандар өзара тәжірибе алмасуды жалғастыра бермек.