Қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Өскемендегі облыстық филармонияның концерт залында атаулы датаға орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Шара барысында еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, марапаттау шарасы өтті. Олардың қатарында металлургтер, азаматтық қорғау саласының ардагерлері бар.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау ардагері Иван Худяков «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ол еңбек жолын 1979 жылы қарапайым өрт сөндіруші болып бастаған. Қазір жасы 66-да.
Ал, Жеңіс Досанов - "Казцинк" ЖШС Өскемен металлургия кешені қорғасын зауыты цехының балқытушысы. Ол кәсіпорынның өндірістік процестеріне айтарлықтай үлес қосқан. Еңбек күні мерекесі қарсаңында өндіріс саласына қосқан елеулі еңбегі үшін облыс әкімінің «Құрмет» грамотасына ие болды. Керемет кеште мерекелік концерт қойылып, еңбек адамдарының құрметіне әуелетіп ән шырқалды.