Көлеңкелі экономиканың қоғамға әсері, қаржылық пирамидаларының алдын алу, құмар ойынға тәуелділіктің салдары туралы жиын облыс орталығында өтті. Шараға уәкілетті орган қызметкерлері мен еріктілер жиналды. Бұдан бөлек, биыл 20 маусымда күшіне енген вейптерге тыйм салу туралы заңнаманың орындалу барысы талқыланды.

Аймақтағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жанар Тайғаранова облыста жүргізілген жұмыстар нәтижесінде екі бірдей қаржы пирамидасының қызметіне шектеу қойылғанын жеткізді. Бұдан бөлек, электронды темекі өнімдерін, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, жарнамалауға болмайтын заң күшіне енген соң тіркелген бұзушылықтарға тоқталды. Тәртіпке бағынбағадар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Сонымен қатар «Alayaq net» жобасының негізін қалаушы Абылайхан Әбдіраш Zoom арқылы байланысқа шықты. Ол азаматтарды алдап-арбаудан сақтау, экономикалық сауаттылықты арттыру республикалық жобаның басты мақсаты екендігіне тоқталды. Ел бойынша осы бағытта түрлі марафондар ұйымдастырылғанын да жеткізді.

Үгіт-насихат жұмыстары биыл жүргізілгендіктен нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады дейді, - ұйымдастырушылар. Жиында табысты жүзеге асып жатқан «Қарыссыз қоғам» жобасының менторы Ермек Жұмағұлов та өз ойын ортаға салды. Жобаның артықшылықтарына тоқталды.

Мұндай басқосулар қоғамда орын алған түрлі мәселелерді бірлесе шешу арқылы оң нәтижеге жетуге болатындығының бір көрінісі, дейді шараны ұйымдастырушылар.