Өскемендегі О.Бөкей атындағы орталық кітапханада «Жасанды интеллект – кітапхана саласында» атты республикалық конференция өтіп жатыр. Оған елдің түкпір-түкпірінен сексеннен астам кітапхана қызметкері жиналып, жасанды зерденің күнделікті өмірде қолданудың маңыздылығымен танысуда.

Конференцияның мақсаты - кітапхана қызметіне жасанды интеллектті енгізу мәселелерін талдап, оқырмандарға жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуде оның маңыздылығын айқындау. Ресей Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Вадим Степанов жасанды зерденің шығу тарихынан бастап, өмірде қалай қолдануға болатынына дейінгі қызықты мәліметтермен бөлісті.

Конференция аясында кітапханашылар лекциялар ғана тыңдап қоймай, шеберлік сағаттарына қатысып, жасанды интелектті қолдану туралы білім көкжиектерін кеңейту мүмкіндігіне ие болды.

 «Кітапхана жұмысына цифрлық технологияларды енгізу көптеген артықшылықтар әкеледі»,- дейді мамандар. Өйткені, қазіргі заманғы кітапхана енді кітаптарға арналған қойма ғана емес, мыңдаған адамдарды біріктіретін интеллектуалды және шығармашылық хабқа айналып отыр.