Қазан айының алғашқы жексенбісі - ұстаздар күні. Биыл жылдағы дәстүрге сай, «Болашақтың мұғалімі: ақыл мен технология синергиясы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Талай шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты жандардың еңбегі еленіп, төсбелгі мен марапат қағаздары табысталды.

Атаулы күнге орай саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған білім саласының ардагерлері мен үздіктері облыс орталығына жиналды. Алдымен аймақ басшысының орынбасары Ербол Нұрғалиев ұлағатты ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, ұлт болашағы үшін сіңірген қажырлы еңбектеріне алғысын білдірді.

Мерекелік шара аясында білім беруді дамытуға қосқан көп жылғы үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалі, ал сала үздіктеріне «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табысталды.

Гүлбану Серікбайқызы - ұлт болашағын тәрбиелеуде зор үлес қосқан жандардың бірі. «Ұстаз болу үшін ең басты қасиет - балаға деген сүйіспеншілік», - деді ардагер педагог.

Еңбек жолын 1980 жылы бастаған Зайнолла Оралбеков жастардың, әсіресе ер азаматтардың осы салада қызмет етуі ұлт болашағы үшін маңызды дейді.

Ұстаз - ұлағатты есім. Биыл «Үздік педагог» байқауына облыс деңгейінде 74 ұстаз қатысып, оның алтауы республикалық кезеңге жолдама алды. Кеш барасында ұстаздарды облыстың өнер ұжымдары құттықтап, ән мен жырдан шашу шашты.