Өскеменнің іргесіндегі Винное ауылында орналасқан «Титан» ат спорты кешенінде иппотерапия қызметі көрсетіледі. Денсаулығында кемістігі бар балаларға арнайы үйретілген аттар арқылы емдеу шаралары қолданылады. 2009 жылы басталған игілікті іс жылдан жылға өріс алып келеді. Енді мұнда ем қабылдаушылар үшін тағы бір жақсы жаңалық төбесі жабылған, қысқы манеждің ашылуы болды. Соның арқасында иппотерапия орталығының есігі бұл емді пайдаланушыларға қысы-жазы ашық деуге болады.
Елдегі иппотерпаия курстары ең алғаш болып дәл осы Винное ауылындағы ат спорты кешенінде бастау алған. 2012 жылға дейін 37 мүмкіндігі шектеулі балаға иппотерапиялық ем жасалды. 2012 жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігінің қолдауымен жабық манеж салынды. Осыдан кейін кешеннің жұмысы жанданып, ісі алға басты. Ал енді міне 12 жылдан соң 128 жас өрен қысқы манежде жаттығуға мүмкіндік алды. Ат спорты кешені тәрбиеленушілерінің қуанышын бөлісуге облыс әкімі Ермек Көшербаев келіп, лента қию рәсіміне қатысты.
«Титан» ат спорты кешенінде иппотерапевт-нұсқаушылар әр баланы жарты сағаттан атқа мінгізеді. Балаларды қаладан күнделікті автобуспен тасымалдайды. Ал ем қабылдаушылардың тізімін облыс орталығының медициналық мекемелері бекітеді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Жалпы, иппотерапия орталығында 23 адам жұмыспен қамтылған. Олардың арасында психолог, медициналық-әлеуметтік қызметкерлер, әдіскерлер, нұсқаушылар және жылқышылар бар.
Шығыста қолға алынған бұл игі бастаманы артынша Қарағанды, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары жалғап әкеткен. Орталық қызметкерлері шетелден келген мамандармен тәжірибе алмасып тұрады. Мұндағы мамандарға тереңірек тәлім беру мақсатында шетелден осы саланың шеберлері шақыртылып, арнайы семинарлар өткізіледі.Біліктілігі артқан мамандарға арнайы сертификаттар беріледі. «Оңалтушы, иппотерапевт-нұсқаушы» біліктілігін алған ат спорты кешенінің мамандары енді республика бойынша иппотерапевт мамандарын дайындай алады.