Аймақта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың да көлемі жыл сайын артуда. Мәселен, Зайсан ауданында өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің қатары өскен. Демек, жеке кәсіппен айналысқысы келетін, әрі оны ашуға оңтайланып жүр¬ген азаматтарға жағдай жасалуда. Бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге тыйым салынды. Әкімшілік кедергілер азайды. Салық ауыртпалығы қысқарды. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несие де көбейді. Ендігі мақсат – орта және шағын бизнестің үлесін арттырып, ел дамуын орнықтыра түсу.
Зайсанда өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Медет Тиянақов. Ол пластикалық өнімдердің түр-түрін шығарады. Өз кәсібін кеңейту мақсатында кәсіпкер жеңілдетілген пайызбен несие алған. Бұл тұста мемлекеттің қолдауы үлкен көмек болған.
Кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатарында Алмас Тұраханов та бар. Темірден түйін түйген зайсандық шебер қазіргі уақытта кезекті тапсырысын әзірлеп жатыр.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі- Нүрипа Мақсат. Ол жаңа істі өрге домалату барысында біраз қиындықтарға тап болса да еш мойымай, алға қойған мақсатына қарай батыл қадам жасап, соңына дейін күресуге бел буды. Осылайша ұлттық тағам тары өндіру ісін қолға алған..
Ал жергілікті билік өкілдері ауданда мемлекеттік бағдарлама арқылы ісін оңды жолға қойған кәсіпкерлер саны артып келе жатқанын айтады.
Билік пен бизнес бір-біріне сенімді серіктес болуы керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әр Жолдауында шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету қажеттігін үнемі айтады. Мемлекет басшысының пәрменінен соң кәсіпкерлерге ел үкіметі тарапынан көрсетілетін көмектің нақты қадамдары да белгіленді.