«Казцинк» компаниясы өңірде «Арман қала» әлеуметтік акциясын қолға алған болатын. Игі бастама аясында Серебрянск орта мектебінде технология кабинеті жаңғыртылды. Енді оқушылар жаңа жабдықтардың арқасында түрлі бұйымдарды дайындап, өңдей алады.

Жаңа шеберхана оқу процессіне қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Мұнда арнайы интерактивті тақталар, үстелдер, тігін машиналары қойылған.

Жаңа кабинет оқушылардың білімге деген ынтасын арттырды. Оқу ордасындағы қыздар енді түрлі үлгідегі киім-кешек тігіп, қолөнермен емін-еркін айналыса алады. Ал, ұлдар жағы ағаштан түрлі бұйым жасауды меңгереді.

Мектеп шеберханаларын жаңғырту бастамасын Серебрянск қаласының тұрғындары көтерген. Азаматтар 2023 жылы өткен «Арман қала» әлеуметтік акциясы аясында өтініш жолдаған.

 «Казцинк» компаниясы Серебрянск технологиялық колледжіне де түрлі жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетіп келеді. Жақын арада оқу орнының өндірістік шеберханалары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілмек.