Аймақта мал ұрлығын алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен атқарылған шаралар нәтижесінде қылмыс саны 51%-ға азайған. Облыс аумағында иесіз жүрген төрт түлікке арналған 114 айыппұл орны бар. Тәртіп сақшылары қылмысты азайтуға бағытталған рейдтер ұйымдастырып, азаматтармен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.
Қыс мезгілі басталар тұста барымташылардың саны көбейеді, дейді тәртіп сақшылары. Мал ұрлығының алдын алу үшін ауыл тұрғындары сақтық шараларын күшейтуі қажет дейді полиция өкілдері. Ал қараусыз жүрген төрт түлік айып тұрағына жеткізіліп, иелері табылғанша қарауда болады. Биыл мал жайылымына қатысты ережелерді бұзғаны үшін 2 630 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сабырбай Сахариев - шаруа қожалығының иесі. Малды ұры-қарыдан қорғау үшін әрбір адам жауапкершілікті өзінен бастағаны дұрыс деген пікірде. Сол үшін әр малын таңбалап, қожалықтағы қауіпсіздікті күшейткен.
Облыстық полиция қызметкерлері мал базардағы бақылаудыда күшейткен. Нәтижесінде ветеринария саласында 119 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Тәртіп сақшылары қылмыс болған жағдайда бірден 102 арнасына хабарласу керектігін айтады.