Өскеменде үстел теннисінен 2007 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды. Ел біріншілігіне елдің түкпір-түкпірінен жиналған құрамалар өз ара кім мықтыны анықтайды. Жарыс бес күнге жоспарланған.
Ел біріншілігіне 200-ге жуық спортшы жиналды. Солардың бірі- Альбина Жақсылықова. Оның үстел теннисімен айналысқанына он жылдан асқан. Осы уақыт аралығында бірқатар республикалық додаларда жүлдегер атанып үлгерген.
Шығыс Қазақстан облысының ойыншысы Еркежан Байтікенова спорттың бұл түрімен айналысқанына екі жылдан асқан. Жас спортшы алдағы уақытта ұлттық құрама сапында өнер көрсетуді мақсат еткен.
Турнирге әр облыстан бір-бір құрамадан қатысып жатыр.Ал Шығыс Қазақстан облысы турнирді ұйымдастырушы ретінде екі құраманы сайысқа қосқан.
Үстел теннисі – Олимпиада ойындарына кіретін спорт түрі. Сондықтан болашақта халықаралық додада ел намысын қорғайтын спортшыларды анықтау маңызды, дейді сайыстың бас төрешісі Ольга Архипова.
Жарыс қортындысы бойынша бірінші, екінші орынға ие болған жас спортшылар Катарда өтетін оқу-жаттығу жиынына жолдама алады. Жолдама алған спортшылар келер жылы өтетін Азия біріншілігінде өнер көрсетеді.