«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Салауатты өмір салтын ұстанудан бөлек адам иммунитетін тиісті вакцина арқылы нығайту шаралары да аса қажет. «Иммундау – бұл екпе арқылы ағзада иммунитетті қалыптастыратын процесс. Өз пайдасын дәлелдеген тиімді шара үлкен-кішіге де керек». Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасының өкілі осылай деді.
Бүгінгі таңда әсіресе, 18 жасқа дейінгі балалар арасында инфекцияларға қарыс екпе жүргізу науқаны өзекті. Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген күнтізбеге сай облыста да иммундау шарасы іске асып жатыр. Соңғы он айдың қорытындысы бойынша аймақтағы 18 жасқа дейінгі балалардың 80% жұқпалы ауруларға қарсы арнайы екпені алды. Сондай-ақ биыл елде адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу науқаны басталған еді. Дерт жатыр мойны обыры ең көп таралған аурулар тізімінде екінші тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 95 пайыз жағдайда жатыр мойны обыры адам папиллома вирусынан туады. Аурудың алдын алудың жалғыз жолы – вакцина салғызу.
Адам папиллома вирусына қарсы екпе салу күзде басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бұған дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл вакцина әлемнің 130-дан астам елінде тіркелген. АҚШ, Австралия сияқты елдер екпе салуды осыдан он жыл бұрын бастап, аурудың таралуын 90 пайызға төмендеткен. Бұл тәжірибені Қазақстан қолға алды. Жалпы облыстағы 15 жасқа дейінгі қыздар үшін 9696 доза вакцина дайындалған. Оның 3000-ы салынды. Екпе екі компонетті, екінші дозасы алғашқыдан кейін алты айдан соң салынады.