Тақырыпты жалғастырамыз. Тарбағатай ауданы қала тұрғындарына жәрмеңке ұйымдастырып ғана қоймай, шаһарды той –думанға бөлеп кетті. Тарбағатай өңірінің өнерпаздары көпшілік назарына концерттік бағдарламасын ұсынды. Ауданның мәдени күніне арналған мерекелік кеште көрме де ұйымдастырылған. Көрмеге қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен түрлі киізден жасалған заттар, қыл қалам шеберлерінің суреттері қойылған.

Мерекелік шара «Қазақша QUIZ» интеллектуалды ойынымен басталды. Оған барлығы 7 команда қатысты. Ойынға Өскемендіктерден бөлек, Тарбағатай, Глубокое, Ұлан аудандарының ардагерлері қатысты. Сайыс жоғары деңгейде өтті, - дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Мамырбаев.

Шара қылқалам шеберлері ұсынған сурет көрмесімен жалғасты. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әлібек Шоқановтың айтуынша, көрмедегі әрбір туынды қайталанбас тарихты баяндайды. Туған өлкенің тыныс-тіршілігінен, оның бай мәдени мұрасынан сыр шертеді.

Сонымен қатар, суретшілер шараға жиналғандардың алдында натюрморт жасап, шеберлік сыныбын өткізді. Дилинұр Исмаилқызы өзінің әсем туындыларын «Ши тоқу» өнерінің көмегімен жүзеге асырады. Шебер арнайы таяқшалар мен жібек жіптерді пайдалана отырып, осындай көркем туындыларды жасап шығарады.

Шараның соңы концертке ұласты. Концерттік бағдарламада өнерпаздар көрермендерге вокалдық, хореографиялық және аспаптық номерлерін ұсынды. Шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев та қатысты. Ол кеш соңында шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.